«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Заңға өзгертулер енгізілген

27 Шілде 2016 ж. | 11:00

Құрметті клиенттер!
01.07.2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» Заңына енгізілген кейбір өзгертулер күшіне енетіндігін хабарлаймыз.
Өзгертулер қарыз алушыға арналған маңызды факторлардың бірқатарын қозғайды және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған.
Өзгертулер мен толықтырулар бұрын жасалған шарттарға таралмайды және келесіні қозғайды:
1.Қарыз бойынша берешекті өтеу кезегі өзгертілген, оған сәйкес банктік қарыз шарты бойынша жүргізілген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болса,  келесі кезекте қарыз алушының берешегін өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) осы хабарламаның 2-тармағына (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» Заңының 35-бабының 2-тармағы) сәйкес анықталған мөлшерде тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімақы);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есептелген сыйақы;
6) орындауды алу бойынша Банктің шығындары.     
Кешіктірудің жүз сексен күнтізбелік күні өткеннен кейін банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізілген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болса,  келесі кезекте қарыз алушының берешегін өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есептелген сыйақы;
5) осы хабарламаның 2-тармағына (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» Заңының 35-бабының 2-тармағы) сәйкес анықталған мөлшерде тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімақы);
6) орындауды алу бойынша кредитордың шығындары.           
2. Банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақыны төлеу бойынша міндеттемелерді бұзу үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімақының) мөлшері кешіктірудің тоқсан күні ішінде кешіктірудің әрбір күні үшін кешіктірілген төлем сомасынан 0,5 пайыздан аспауы тиіс, кешіктірудің тоқсан күні өткеннен кейін кешіктірудің әрбір күні үшін кешіктірілген төлем сомасынан 0,03 пайыздан, бірақ банктік қарыз шартының қолданылу мерзімінің әрбір жылы үшін берілген қарыз сомасынан он пайыздан аспауы тиіс.
3. Банктің қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағдайларын қоспағанда, банктік қарыз шартының талаптарын бір тарапты тәртіпте өзгертуге құқығы жоқ:
  • банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты қызметтерді көрсету үшін алынатын комиссиялар мен өзге төлемдерді азаю жағына өзгерту немесе толығымен алып тастау;
  • тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімақыны) азаю жағына өзгерту немесе толығымен алып тастау;
  • банктік қарыз шарты бойынша төлемдердің мерзімін ұзарту және (немесе) бөліп төлеу;
  • банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азаю жағына өзгерту.
Банктік қарыз шартында қарыз алушыға арналған жақсартатын талаптардың қосымша тізімі қарастырылуы мүмкін.

Ізгі ниетпен,
"Qazaq Banki" AҚ